Тәбеті күшті: Қазақстанда кімдер 4 млн теңге жалақы сұрап отыр?

Қазақстанда жұмыс іздеушілердің арасында миллиондаған жалақы сұрайтындар көбейген. Наурыз айында Enbek.kz порталында жарияланған түйіндемелерді талдағанда, кей мамандардың тәбеті жұмыс берушілердің ұсынысынан бірнеше есе асып түсетіні белгілі болды деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жұмыс іздеп жүргендердің ішінде ең жоғары жалақыны HR бизнес-серіктестер сұрап отыр – шамамен 4,2 млн теңге. Олардан кейінгі кезекте 3 млн теңге жалақы күтетін каротажшылар мен 2,5 млн теңгеге жұмыс істегісі келетін өнеркәсіп зертханасының басшылары тұр.

Ал жұмыс берушілер нақты қанша ұсынып отыр? Наурызда ең майлы бос орындар заң жұмысы бойынша бөлім басшысының орынбасарларына (1,4 млн теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторларына (1,38 млн теңге) және өндіріс басшыларына (1,14 млн теңге) бұйырған.

Жалпы, наурыз айында нарықтағы жағдай біршама тұрақталған. Қаңтарда жұмыс іздегендер саны бос орындардан 60 мыңға көп болса, қазір бұл айырмашылық небәрі 4,5 мың адамды құрайды.

Ұқсас ақпараттар