Ит үшін салық төлейтін уақыт келді ме? Депутаттың жаңа бастамасы

Қазақстанда үй жануарларына иелік ететін азаматтар үшін жаңа міндеттеме енгізілуі ықтимал. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қаңғыбас иттер мәселесін шешу үшін еуропалық елдердің тәжірибесіне сүйеніп, ит иелеріне арнайы салық енгізуді ұсынды, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Депутаттың айтуынша, елді мекендердегі қаңғыбас жануарлардың көбеюі тікелей адамдардың әрекетіне байланысты. Өңірлердегі кездесулерде тұрғындар бұл мәселені жиі көтеріп, биліктен нақты шаралар талап ететін көрінеді.

«Біз өңірлерге шыққанда, барлық кездесулерде дерлік адамдар біздің алдымызда қаңғыбас иттер мәселесін көтереді, тіпті «бірдеңе істеңіздерші» деп ашық айтады», – деді Магеррамов.

Оның пайымдауынша, қолданыстағы жүйе тиімсіз болып отыр, қабылданған шараларға қарамастан, иттердің саны азаймайды. Сондықтан Германия, Нидерланды, Австрия секілді елдердің мысалын енгізу қажет. Онда иелері жануарларын тіркеп қана қоймай, ол үшін салық төлейді.

«Мұндай нормалар азаматтарды тәртіпке келтіруге, жауапкершілікті арттыруға және жергілікті бюджетті толықтыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді депутат.

Магеррам Магеррамов қазіргі таңда адамдардың итті «ермек үшін» алып, артынан далаға тастап кететінін айтып қынжылды. Сондықтан мәселені экономикалық тұрғыдан реттеу керек деп есептейді.

«Экономикалық тәсіл – ең тиімдісі. Бұл қалтаға, отбасылық бюджетке тигенде ғана адамдар жауапкершілікпен қарай бастайды», – деп нақтылады ол.

Бұл ұсынысқа қатысты мемлекеттік органдар да пікір білдірді. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жұмыс топтарында бұл бастаманы зерделеуге дайын екенін жеткізді.

«Халықтың пікірін ескере отырып, бұл мәселені қарастыруға дайынбыз», – деді министр.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов та қажет болған жағдайда салық мәселесін пысықтайтындарын растады. Оның айтуынша, қазіргі таңда үй жануарларын есепке алу қарастырылған, бірақ салық мәселесі бұрын көтерілмеген.

Айта кетейік, мұндай түзетулер 2024 жылы да ұсынылған, бірақ ол кезде қолдау таппаған еді. Ендігі кезекте депутаттар мен үкімет бұл экономикалық тетіктің қаңғыбас иттер мәселесін қаншалықты шеше алатынын талқылайтын болады.

Ұқсас ақпараттар