Жеңіс күнінде әскери парад болмайды

Биыл Қазақстанда мамыр айындағы мерекелерде әскери парад ұйымдастырылмайды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты шеру жоспарда жоқ.

Министрлік өкілі:

«Биыл парад өткізу жоспарланбаған. Оның орнына басқа да әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады», – деп нақтылады.

Парадтың орнына ел көлемінде ардагерлерге құрмет көрсету, үздік жауынгерлерді дәріптеу және ерлік дәрістерін өткізу сияқты шаралар қолға алынбақ. Сонымен қатар, тұрғындар үшін әскери оркестрлердің шеруі, шығармашылық ұжымдардың концерті, әскери техникалар көрмесі және дәстүрлі «сарбаз ботқасы» акциясы ұйымдастырылады. Мерекелік күндері табиғатты қорғауға бағытталған акциялар да өтпек.

Еске сала кетсек, Қазақстанда соңғы рет әскери парад 2019 жылы өткен болатын. Содан бергі алты жыл ішінде 9 мамырға арналған мұндай ауқымды іс-шара өткізілген жоқ.

Ұқсас ақпараттар