Алматыда үш адамның өмірін қиған атышулы жол апатына күдікті ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына (УҰИ) жеткізілді. Бұған дейін медициналық мекемеде күзетпен емделіп жатқан ер адам енді тергеу аяқталғанша темір тордың арғы жағында болады. Бұл туралы қалалық полицияның баспасөз қызметі жазды деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдіктіні ауруханадан этаппен жеткізу сот санкциясы аясында жүзеге асырылған.Ендігі кезекте ер адам қылмыстық істі тергеу толық аяқталғанша оқшауланған мекемеде ұсталады.
«Үш адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасына кінәлі ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этаппен жеткізілді. Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде күзет бақылауында болған және сот санкциясымен қамауға алынды», — деп хабарлады полиция.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған еді. Mercedes пен Zeekr көліктерінің жойқын соқтығысуы салдарынан Mercedes тізгініндегі 29 жастағы азамат пен 20 және 22 жастағы екі бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Сараптама қорытындысы Zeekr жүргізушісінің апат кезінде мас болғанын растады.
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, полиция жүйесіндегі бірқатар былықтардың бетін ашты. Әлеуметтік желілерде апат алдында «көше жарысы» болғаны және оған құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары қатысқан болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Осыған байланысты Ішкі істер министрінің бұйрығымен Алматы ПД бастығының орынбасары мен бірнеше басқарма басшылары қызметінен қуылды. Сондай-ақ, мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мен лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті бөлек қылмыстық істерді қозғады.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр. Кінәсі дәлелденген жағдайда оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі мен қоғам белсенділерінің жіті бақылауында.


