Қағаз мүсіннен қорыққан Мәскеу: Неміс суретшісі Путинді келекелегені үшін 8,5 жылға сотталды

Мәскеу соты әлемге әйгілі сатирик, неміс мүсіншісі Жак Тиллиді Дюссельдорф карнавалында Ресей президенті Владимир Путинді әжуалайтын алып мүсіндер жасағаны үшін «қылмыскер» деп танып, сырттай 8,5 жыл түрме жазасы кесті деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Ресейлік прокурорлар мүсіншінің қағаз бен желімнен жасалған туындыларынан мемлекетке төнген екі түрлі «қауіп» тапты. Біріншісі — Украинадағы соғысты мүсін арқылы сынағаны үшін «армия туралы фейк тарату» бабы болса, екіншісі — 2024 жылы Путин мен патриарх Кирилл бейнеленген инсталляциясы үшін «діндарлардың сезімін қорлау» айыбы.

Сот Тиллиге тек түрме жазасын беріп қоймай, 2000 еуро айыппұл салып, оған 4 жыл бойы «кәсіби қызметпен айналысуға» тыйым салды. Әрине, Германияда тұратын шебер үшін бұл тыйымның заңдық күші қаншалықты әсер етері белгісіз.

Суретшінің өзі бұл жаңалықты күлкімен қарсы алды. Оның айтуынша, алып мемлекеттің папье-машеден жасалған фигураларға бола қылмыстық іс қозғауы — биліктің әлсіздігі мен абсурдтың шыңы.

«Ресей билігінің қағаздан жасалған қуыршақтардан зәресі ұшатыны өте қызық екен», — деп түйіндеді Жак Тилли өз сөзінде.

Германия елшілігі бұл процесті «өнер мен сөз бостандығын тұншықтыру» деп айыптаса, Мәскеу бұл қадамды «мемлекеттік абыройды қорғау» деп түсіндіруде.

Жак Тилли 40 жыл бойы әлемдік лидерлерді сынап келеді, бірақ оның әзіліне Ресей билігі сияқты соншалықты «салмақты» қарап, түрме жазасын кескен елдер некен-саяқ. Бұл оқиға — саяси сатира мен қатаң цензураның арасындағы үлкен текетірестің кезекті көрінісіне айналды.

Ұқсас ақпараттар