Қазақстандықтар ұзақ өмір сүре бастады: Ел тарихындағы абсолютті рекорд тіркелді

Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Бұл туралы sayasatlive.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Демографиялық деректерді талдау нәтижесі соңғы 35 жыл ішінде ел азаматтарының өмір жасы орташа есеппен 8 жылдан астам уақытқа ұзарғанын айғақтап отыр.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 1991 жылы бұл көрсеткіш небәрі 67,6 жас болатын, ал 2001 жылдары тіпті 65 жасқа дейін құлдырап кеткен еді. Бүгінде Қазақстан инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітімді 25 пайызға азайтқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына еніп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірі бойынша үздік нәтиже көрсетіп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі халықтың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер етті деп есептейді.

Үкімет ендігі кезекте 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 77 жасқа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Ұқсас ақпараттар