Ресей бақылауындағы Қырым түбегінде жоспарлы ұшу тапсырмасын орындау кезінде әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Ресми мәлімет бойынша, борттағы 29 адамның бәрі қаза тапқан, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
РФ Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Ан-26 әуе кемесімен байланыс 31 наурыз күні кешкі сағат 18:00 шамасында үзілген. Сәрсенбіге қараған түні жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ұшақ құлаған орын табылды.
«Іздестіру-құтқару тобы Ан-26 ұшағы құлаған орынды анықтады. Оқиға орнынан алынған мәліметке сәйкес, экипаждың алты мүшесі және борттағы 23 жолаушы қаза тапқан», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайға техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Министрлік өкілдері ұшаққа сырттан ешқандай соққы жасалмағанын, яғни атып түсіру белгілері жоқ екенін ерекше атап өтті.
Дегенмен, ресейлік ақпарат агенттіктері, соның ішінде РИА «Новости» өз дереккөздеріне сүйене отырып, әуе кемесінің таулы жерде жартасқа соғылғанын хабарлап отыр.
Апат салдарынан бортта болған барлық адам 6 экипаж мүшесі, 23 жолаушы мерт болды.
Қазіргі уақытта арнайы комиссия оқиға орнында жұмыс істеп, апаттың нақты себептерін зерттеу үстінде. Қара жәшіктер табылғаннан кейін техникалық жағдай мен ұшқыштардың іс-әрекетіне толық баға берілмек.

