Астанада жалдамалы пәтерді уақытында босатуды талап еткен үй иесін 22 жастағы жігіт соққыға жыққан. Полиция күдіктіні ұстап, қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Жанжал жалға алушының баспанадан шықпай қоюынан басталған. Пәтер иесі жағдайды видеоға түсірмек болғанда, жігіт оны балағаттап, күш қолданған. Жәбірленуші желіде жанжалдың видеосы мен соққыдан кейінгі жарақаттарының суретін жариялады.
Елордалық полиция департаменті денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Бұдан бөлек, сот күдіктіні былапыт сөздер айтып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 30 тәулікке әкімшілік қамауға алды.

