Атырауда өткен сотта 429 150 теңге көлемінде негізсіз баю сомасын өндіру туралы дау тараптардың татуласуымен аяқталды. 

AtyrauPress мәліметінше, талап қоюшы С. Махамбет аудандық сотына жауапкер М.-ға «Kaspi Bank» АҚ-дағы жауапкердің банктік шотына алаяқтық жолымен талап қоюшыға банктік операциялар жасау туралы нұсқау берген белгісіз адамның әрекеті нәтижесінде аударылған қаражатты өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінді.

Сотқа дейінгі татуластыру рәсімдері барысында татуластырушы судья тараптарға медиацияның артықшылықтарын және медиациялық келісім жасасудың құқықтық салдарын түсіндірді. Нәтижесінде тараптар өзара келісімге қол жеткізді. Медиациялық келісімнің талаптарына сәйкес, жауапкер төрт ай ішінде талап қоюшыға 429 150 теңге төлеуге міндеттенді, ал талап қоюшы мәлімделген талап қою талаптарынан бас тартты. Сот медиациялық келісімді бекітті және іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Айта кетейік, медиация дауларды бейбіт жолмен реттеуге ықпал етеді, тараптарға өзара қолайлы шешімді өз бетінше табуға мүмкіндік береді және сот процесіне қатысушылардың уақытын үнемдейді.

Фото: «АtyrauPress»