27 қазанда өткен парламенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бастаған билеуші коалиция Кнессеттегі басымдығынан айырылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Барлық дауыстар саналғаннан кейін оңшыл және діни партиялар блогы 120 депутаттық мандаттың 53-ін ғана иеленді. Ал 2022 жылғы сайлауда бұл көрсеткіш 64 мандат болған еді.

Бұрын Израиль армиясы Бас штабының бастығы қызметін атқарған Гади Айзенкот бастаған оппозициялық блок 48 орынға ие болды. Үкімет жасақтау үшін кемінде 61 мандат қажет. Демек, әзірге екі блоктың да жеке өзі үкімет құруға мүмкіндігі жоқ.

Соған қарамастан Нетаньяхудың «Ликуд» партиясы 27 мандатпен елдегі ең ірі саяси күш мәртебесін сақтап қалды. Бірақ бұл 2022 жылғы нәтижеден бес орынға аз. Екінші орынға Айзенкоттың жаңадан құрылған «Яшар» партиясы шығып, 21 мандат иеленді.

Сайлауда араб партиялары да айтарлықтай жетістікке жетті. Олар парламенттегі өкілдігін 10 орыннан рекордтық көрсеткіш — 19 орынға дейін ұлғайтты. Енді жаңа үкіметті жасақтау кезінде араб партияларының қолдауы шешуші рөл атқаруы мүмкін. Алайда Айзенкот бұған дейін араб партияларын өз коалициясына тікелей қосуды жоққа шығарған болатын.

Сайлаушылардың 77,9 пайызы дауыс беруге қатысқан. Бұл — 1999 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.