Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, зертханалық зерттеулер нәтижесі бойынша кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану, ал тамақ сынамалары мен ыдыстар шайындыларынан ішек таяқшалары тобының бактериялары анықталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұған қоса, дезинфекциялау ерітіндісі де бекітілген нормативке сай болмай шыққан.
Мамандардың мәліметінше, жедел ішек инфекциясы науқастарға тамақ арқылы жұққан. Уланған оқушылардың бәрі мектеп асханасынан тамақтанғанын айтқан.
Стафилококк бактериясы анықталған асхананың 4 қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша мектепке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Тамақтануға жауапты «MasterFood» ЖШС-ге қатысты материалдар полицияға жіберілді. Асхана мен мектеп-интернат қызметі 60 күнге тоқтатылды.

