ҚМА Астанада заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне жағдай жасаған бір топ адамға қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Іс материалдарына сәйкес, заңсыз қызмет «Nomadgames», «Sultangames» интернет-сайттары мен олардың көшірме сайттары арқылы жүргізілген. Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдары қамтылған көпсатылы төлем жүйесі пайдаланылған. Бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Олар төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексеру жүргізбестен шарттар жасасуды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді қамтамасыз еткен.
Электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам қаржы айналымға түскен. Сот санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақшаға тыйым салынды.

