Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Сонымен қатар микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізілмек.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді:

«Депутаттармен бірлесіп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады», – деді ол.

Үкімет халықтың табысын инфляцияны төмендету және тарифтік саясатты бақылау арқылы арттыруды көздейді. Бұдан бөлек, Салық кодексіне өзгерістер енгізу шеңберінде ірі капитал иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін бекіту мүмкіндігі қарастырылуда.