Жайдарман директоры Жанасыл Болатбек жобаның болашағын тек әзіл ойындарымен байланыстырмайтынын ашық айтты. Оның сөзінше, Жайдарман жастардың қабілетін ашып қана қоймай, сол арқылы табыс табуына да көмектесуі керек, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Жанасыл Болатбектің айтуынша, кезінде Жайдарманда өнер көрсеткен жастардың көбі бүгінде кино, сериал, түрлі шоулар түсіріп, өз кәсібін жүргізіп жүр. Бұл — Жайдарманның елдегі креативті экономиканы дамытуға қосып отырған үлесі.
«Басшылыққа келгенде осы жағын көбірек дамытқым келді. Жастар сахнада шыңдалып қана қоймай, ертең өз кәсібін ашып, идеясынан ақша таба алуы керек. Біз соған көмектескіміз келеді», – дейді ол.
Жайдарман директоры Қазақстанда шығармашылық саланың мүмкіндігі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. Оның келтірген мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде жыл сайын 100-ден астам фильм прокатқа шығады. Бұған сериалдар мен түрлі шоуларды қосқанда, салада жұмыс істейтін адамдардың қатары да көбейіп келеді. Алдағы мақсаттардың бірі — қазақстандық өнімдерді шетел нарығына шығару.
Жанасыл Болатбек бұл үшін шығармашыл адамдарға кәсіп жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажет деп есептейді. Ол Президент Жолдауында айтылған креативті экономиканы дамыту, бизнесті қолдау және цифрлық мүмкіндіктерді табыс көзіне айналдыру жөніндегі бастамаларға назар аударған.
«Жақсы бастамалар бар екен. Біз де өз жұмысымызды жалғастырамыз. Жайдарман жастарға өзін көрсетуге ғана емес, сол қабілетімен өмірде өз орнын табуға көмектесетін орта болуы керек. Соған жұмыс істейміз», – деді Жайдарман директоры.

