Бұл іске қатысты тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Тергеу мәліметінше, ұйым тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеп, азаматтарға жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысуды ұсынған. Осы мақсатта тұрғындармен үлестік жарна жинақтау туралы келісімдер жасалып, олардан ақша алынған.

Алайда кооператив басшылары кеңес беру қызметтерінің ақысы деген желеумен ұйымның 94 млн теңгесін өздеріне қатысы бар адамдардың есепшоттарына аударған.

2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда осы ұйымның басшысына бағынышты болған тағы алты тұтыну кооперативі құрылған. Олар – «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek».