Семейде оқушы сыныптасымен кездескеннен кейін көптеген пышақ жарақатымен үйіне оралды. Жасөспірімді көршілері тауып алып, жедел жәрдем шақырған, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Зардап шеккен баланың туыстарының айтуынша, сабақтан кейін бала сыныптасымен ойнауға кеткен. Жасөспірімдер арасында не болғаны әзірге белгісіз.
«Олар маған қоңырау шалды, мен ата-анасына қоңырау шалдым, олар екеуі ғана болған. Бұл бала онымен бірге сыныпта оқиды, сыныптасы, ойнауға шақырған. Нәтижесінде ол көптеген жарақат алды», — деді оқушының туысы Ләззат Қамзаева.
Баланы ауруханаға өте ауыр халде жеткізді. Оның денесінен 15-ке жуық пышақ жарақаты табылған. Дәрігерлер оған көп қан жоғалтудан туындаған геморрагиялық шок диагнозын қойды. Ота төрт сағатқа созылды.
«Түскен кезде баланың жағдайы геморрагиялық шокқа байланысты өте ауыр болды. Шұғыл түрде төрт сағат ішінде ота жасалды. Үш тәулік бойы бала реанимация бөлімінде болды», — деп хабарлады Университеттік госпиталь директорының балалар жөніндегі орынбасары Дулат Кәрімов.
Қазір оқушының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Жанжалдың екінші қатысушысы да мойын, кеуде және білек жарақаттарын алғаны анықталды. Ол амбулаториялық ем қабылдауда. Жасөспірімдер жанжалдың себебін әлі айтқан жоқ. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауда.
«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою, сондай-ақ олардың заңды өкілдерін балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады», — деп хабарлады қалалық полиция басқармасы бастығы орынбасарының міндетін орындаушы Ержан Аққалиев.
Мектепте болған оқиғаны күтпеген жағдай деп атады. Екі жасөспірім де бұрын есепте тұрмаған және педагогтардың айтуынша, достас болған.


