Шығыс Қазақстан облысының полициясы көшелерге бет-әлпетті сканерлеу функциясы бар робот-иттерді шығарды. Енді жаппай іс-шараларда азаматтардың қауіпсіздігін робот-иттер қорғайды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Аймақ полициясы алғаш рет Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде өткен «Nomad Álemi» этнофестивалі кезінде металл патрульдерді кезекшілікке шығарды. Роботтар белгіленген бағдар бойынша аумақты патрульдеуге және үздіксіз түсірілім жүргізуге, сондай-ақ бет-әлпетті тіркеп, оларды дерекқорлармен салыстыруға қабілетті. Барлық бейнеақпарат нақты уақыт режимінде полицияның Жедел басқару орталығына жіберіледі.
Сондай-ақ олар тәртіп бұзушыларға дауыстық ескертулер жасап немесе көпшілікті бағыттай алады. Көшпелі мәдениет фестивалінде робот-иттерді алғаш рет қолдану сәтті өтті. ШҚО полиция департаментінде автономды цифрлық патрульдер полиция қызметкерлеріне көпшілік арасындағы кез келген күдікті жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ведомство көшелерде және ірі жаппай іс-шаралар кезінде құқық тәртібін бақылау үшін робототехниканы одан әрі тартуды жоспарлап отыр.


