Абай облысында пәтер жалдауға қатысты алаяқтық әрекеттер әшкереленді

Абай облысында пәтер жалдауға қатысты бірқатар алаяқтық әрекеттер әшкереленді. Полицейлер қаскүнемнің интернет-тұғырнамаларға тұрғын үйді жалға беру туралы хабарландырулар орналастырғанын анықтады. Ол мүдделі пайдаланушыларға төлем мен кепілді алдын ала аударуды ұсынып, кейін байланысқа шығуды тоқтатқан, деп хабарлайды Sayasatlive.kz

Жәбірленушілер көрсетілген мекенжайларға келгенде, пәтерлердің жалға берілмегені белгілі болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Орал қаласының 22 жастағы тұрғынын анықтады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу аясында оның 40-тан астам осыған ұқсас эпизодтарға қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Алдын ала келтірілген зиян сомасы 750 мың теңгеден асады. Алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді. Құқық қорғау органдары пәтерді қарап тексермей және құжаттарды тексермей тұрып алдын ала төлем аудармауды, хабарландыру авторының профилін және жазба пікірлерді зерделеуді, жалдау құнын нарықтық ұсыныстармен салыстыруды және күдікті төмен бағаларға сақтықпен қарауды ұсынады.

Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда полиция 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді. Ведомство кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, адам кінәсіз болып саналатынын еске салды.

Ұқсас ақпараттар