Алматы мен Алматы облысында электр энергиясының тарифтері қымбаттайды

12 қыркүйектен бастап Алматы мен Алматы облысында электр энергиясының тарифтері көтеріледі, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Компания мәліметінше, электр энергиясын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 39,30 теңгеге немесе ҚҚС ескерілгенде 45,59 теңгеге дейін өседі. Компания бағаның өсуін 15 шілдеден бастап бірыңғай сатып алушы – «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС-нен сатып алынатын электр энергиясы құнының 23%-ға (1 кВт/сағ үшін 13 теңгеден 16 теңгеге дейін) өсуімен түсіндірді.

Тұтынушылар үшін электр энергиясының құны санатқа байланысты болады. Мәселен, электр энергиясын өз тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланатын тұтынушылар үшін тариф ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 32,69 теңгені немесе ҚҚС ескерілгенде 37,92 теңгені құрайды. Бұл ретте жеке тұлғалар мен электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушылар үшін сараланған тариф сақталады: бірінші деңгей бойынша тариф ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 29,55 теңгені (ҚҚС ескерілгенде 34,28 теңге), екінші деңгей бойынша ҚҚС-сыз 39,23 теңгені (ҚҚС ескерілгенде 45,51 теңге), үшінші деңгей бойынша ҚҚС-сыз 49,04 теңгені (ҚҚС ескерілгенде 56,89 теңге) құрайды.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының тұрғындары үшін жеке тариф – ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 19,89 теңге, ҚҚС ескерілгенде 23,07 теңге көзделген. Электр энергиясын тұрмыстық емес қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушылар үшін тариф ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 43,13 теңгені немесе ҚҚС ескерілгенде 50,03 теңгені құрайды. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар, ұлттық компаниялар, ұйымдар және олармен байланысты заңды тұлғалар ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 43,43 теңге немесе ҚҚС ескерілгенде 50,38 теңге тарифі бойынша төлейді. Ал арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағында орналасқан тұтынушылар, президент іс басқармасы мен оның ведомстволарына ведомстволық бағынысты ұйымдар, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер ҚҚС-сыз 1 кВт/сағ үшін 39,30 теңге немесе ҚҚС ескерілгенде 45,59 теңге тарифі бойынша төлейді.

Ұқсас ақпараттар