Жасанды интеллект элементтері бар жол камерасы Астана – Қарағанды – Алматы тасжолының 51-шақырымында болған өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасын тіркеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Апат басып озу кезінде болған. Жазбада Астана бағытына қарай келе жатқан Mercedes шағын автобусының басып озуға әрекеттенген кезде қатар келе жатқан «ГАЗельмен» соқтығысқаны көрінеді. Соққыдан кейін жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Автокөлік жолдан шығып, кюветке аударылған. Апат салдарынан бір адам қаза тапты. Бұл ретте, оның жүргізуші немесе жолаушы екені нақтыланбаған. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері анықталуда.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін сақтауға, сондай-ақ басып озуды бастамас бұрын жол жағдайын объективті бағалауға шақырды. «Бір қауіпті маневр адам өмірін қиюы мүмкін», — деді компанияда.


