Абай облысында «Үшбиік», «Жарма» және «Шар» стансаларындағы үш жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Объектілердің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында еліміз бойынша 124 вокзалды, оның ішінде Абай облысында 10 вокзалды жаңарту жұмыстары басталды.
Уәли: «Теміржол — еліміздің елді мекендерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік жүйелерінің бірі. Сондықтан оның инфрақұрылымын жаңарту және жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау — уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Маңызды көлік жолдарының қиылысында орналасқан Жарма ауданында біз бірден үш жаңа вокзал ашып отырмыз. Олар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, Жарма ауданының одан әрі дамуына ықпал етсін», — деді.
Жаңартылған үш станса да өңірдің көлік жүйесінде маңызды орын алады. Жолаушылар поездары олар арқылы «Семей — Астана», «Новосібір — Алматы», «Павлодар — Алматы», «Семей — Қызылорда» және «Өскемен — Алматы» бағдарлары бойынша өтеді. Шар қаласындағы теміржол вокзалы 1982 жылы салынған. Жаңғырту барысында ғимараттың жалпы ауданы 413 шаршы метрден 654 шаршы метрге дейін ұлғайды. Бір қабатты объект екі қабатты болды, ішкі бөлмелер толығымен жаңартылды. Ғимаратқа лифт орнатылды, ал жолаушылар күту және қызмет көрсету аймақтары қажетті жабдықтармен жарақтандырылды. Сонымен қатар, вокзалда бұрын болмаған, ұзындығы 716 метрлік аралдық платформа салынды. «Үшбиік» стансасындағы теміржол вокзалы 1995 жылы салынған.
Объектіге соңғы күрделі жөндеу 14 жыл бұрын жүргізілген. Қазір, жаңғырту нәтижесінде, ғимараттың жалпы ауданы 83,7 шаршы метрден 201,1 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер жаңартылды, ал жолаушылар күту және қызмет көрсету бөлмелері барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылды. «Жарма» стансасындағы вокзал ғимараты 1996 жылы салынған. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша бұрынғы ғимаратты толығымен бұзып, оның орнына жаңа вокзал салу туралы шешім қабылданды. Жаңа ғимараттың ауданы 217 шаршы метрден 347,7 шаршы метрге дейін ұлғайды. Ішкі бөлмелер қайта жабдықталды, жолаушылар күту және қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сәйкестікке келтірілді. Сонымен қатар, 650 метр перрон жаңартылды.


