Қазақстанның екі қаласында екінші күн қатарынан ауа ластануы байқалады

Қазақстанның екі қаласында екінші күн қатарынан ауа ластануы байқалады. 30 тамызда қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа ластануы Алматыдан бөлек, Ақтөбеде де күтіледі, деп Sayasatlive.kz «Қазгидрометке» сілтеме жасап хабарлайды.

Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) атмосфералық ауаның жер беті қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тымық, әлсіз жел, тұман, инверсия) үйлесімі. ҚМЖ туындаған кезде елді мекендердегі атмосфералық ауа сапасы нашарлауы мүмкін.

Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың (жел, шөгінділер, ылғалдылық, ауа температурасы) болжамы. Қолайсыз метеожағдайларда мыналар ұсынылады: ашық ауада, әсіресе автожолдарға немесе басқа ластау көздеріне жақын жерде болу уақытын қысқарту;

балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту керек;

өкпе, жүрек-қан тамырлары, аллергиялық созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға ашық ауада болған кезде дәрілік заттарды жанында ұстау қажет;

ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеу, дене шынықтыру және спортпен шұғылдануды жабық спорт кешендерінде өткізген жөн.

Ұқсас ақпараттар