Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні қазақстандықтарға үндеу жасады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Ол көп жыл бұрын адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтірген Семей ядролық полигоны жабылғанын еске салды.

«Дәл 35 жыл бұрын күрделі халықаралық жағдайда Семей ядролық полигоны жабылды. Ол халқымыздың тағдырында ауыр із қалдырды. Бұл күн бүкіл адамзатқа сынақтардың қайғылы салдарын еске салып, олардың алдағы уақытта болдырмауға шақыру болып қала береді», — деді президент.

Оның айтуынша, планетадағы төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму үшін тарихи таңдау жасады. Бұл шешім қазақстандықтардың үмітін ақтап, мемлекетіміздің болашақ ұрпақтың тағдыры үшін жауапкершілігін көрсетті. Жаңа Конституцияның кіріспесінде бекітілген барлық мемлекеттермен бейбітшілік пен достыққа талпыну Қазақстанның сыртқы саясатының қағидаты болып қала береді.

«Әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің айқындамасы өзгеріссіз: біз ядролық державалар арасындағы келіссөздерге, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуіне және ядролық қаруды қолдану қаупін жою мақсатында шешімді көпжақты іс-қимылдарға шақырамыз. Атом энергиясы тек жасампаз мақсаттарға қызмет етуі тиіс. Жалпыұлттық референдумда халқымыз ядролық энергетиканы дамыту бағытын қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарға арналған экономикалық және ғылыми-технологиялық прогресінің іргетасын қалады. Бұл стратегиялық таңдау елдің тұрақты дамуында жаңа кезең ашатын өзгерістердің маңызды бөлімі. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ауқымды реформалар Әділетті, Прогрессивті, Таза Қазақстанды құруға бағытталған. Біз бұл жоғары мақсатқа бірге жететінімізге сенімдімін», — деп сөзін қорытындылады Тоқаев.

Ұқсас ақпараттар