Шерхан Аймаханның өмір бойына бас бостандығынан айыру үкіміне апелляциялық шағым түсті

21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты жаңа сот талқылауы өтеді. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушысы апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады. Оның айтуынша, енді істі апелляциялық сатыдағы сот қарайды.

«Нұрай ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары апелляциялық шағым берді. Мен оны зерттеп, қарсылықтар дайындаймын. Енді іс апелляциялық сатыдағы сотта қаралады», — деп хабарлады Омаров Threads желісінде.

Адвокат жәбірленуші тараптың шағымда қандай дәлелдер келтіргенін және апелляцияда неге қол жеткізгісі келетінін әзірге нақтыламады. Қайғылы оқиға 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте болған. Тергеу мәліметтері бойынша, бұрын қызбен таныс болған 28 жастағы Аймахан Нұрай Серікбайды дүкен жанында торуылдап, оған бірнеше пышақ жарақатын салған. Қылмыс жасағаннан кейін шабуылдаушы қашып кетуге тырысқан, алайда көп ұзамай оны қаладан шамамен 10 шақырым жерде ұстап, тергеу изоляторына қамаған.

Шерхан Аймахан бұған дейін 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Енді оған шығарылған үкімді апелляциялық саты тексереді.

Ұқсас ақпараттар