Қазақстанда оқу жылы қарсаңында «Зейін, балалар!» акциясы басталды. Елде мектептердің жанындағы бақылау күшейтіліп, жол-көлік оқиғалары мен балалар жарақатын болдырмауға ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Акцияның мақсаты — жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз орта құру және олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Полицейлер жаяу жүргіншілер өткелдерін, жол белгілері мен таңбаларын, сондай-ақ мектеп автобустарының қауіпсіздігін тексереді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 548 нұсқама берілді.
«Біздің басты міндетіміз — балалардың жолдағы қауіпсіздігі. Жүргізушілер жылдамдық режимін және жол қозғалысы қағидаларын сақтау, ең бастысы — рөлде зейінділік және балалардың жолда кенеттен пайда болуына дайын болу — балаларымыздың өмірін сақтаудың кепілі екенін есте ұстауы керек», — деп атап өтті ведомство.
Ішкі істер министрлігі ата-аналардың назарын балаларға мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын еске салудың маңыздылығына аударады.

