Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда сайлау күні жағдай тұрақты, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Елде қоғамдық тәртіпті бұзудың өрескел фактілері тіркелген жоқ, деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-марафон аясында өткен брифингте. Оның айтуынша, полицияның басты міндеті – дауыс беру басталғаннан бастап сайлау үдерісі аяқталғанға дейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Барлық дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілді. Сайлау учаскелерінің қауіпсіздігі тексеріліп, олар тәулік бойы күзетке алынды. ІІМ-де жедел штаб жұмыс істейді. Елдің барлық аймағынан ақпарат онлайн режимде үздіксіз келіп түсуде. Қазіргі уақытта елдегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ», — деді спикер. Әлекешев полиция қызметкерлерінің сайлау үдерісіне араласпайтынын атап өтті.
Олар дауыс беру залына тек сайлау комиссиясы төрағасының шақыруымен ғана кіре алады. Полиция дауыс беру аяқталғанға дейін елдегі сайлау учаскелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастыруда. Дауыс берушілер ағыны өсуде – сайлау учаскелеріне адамдар көбірек келуде.

