19 тамызда Алматыда және Қазақстанның тағы төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Синоптиктердің деректері бойынша, қолайсыз метеожағдайлар Алматыда, ал түнде Атырау, Ақтөбе, Өскемен және Көкшетауда болжанады. Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдайлар желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия үйлескен кезде туындайды. Нәтижесінде ластаушы заттар атмосфераның жер беті қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін. Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға теріс әсер ету қаупі артатынын ескертеді.
Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді. Тұрғындарға көшеде, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі. Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді жанында ұстау ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы дене белсенділігін шектеуге және мүмкіндігінше сабақтарды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.


