Петропавлда Есіл өзеніне жақын орналасқандықтан үнемі су тасқынынан зардап шегетін «Заречный» шағынауданының тұрғындарын кезең-кезеңімен көшіру басталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Болашақта бұл ауданды тұрғын үй құрылысынан толығымен босату жоспарланып отыр, деп хабарлайды Жетінші арна. Жаңа баспананы алғашқылардың бірі болып 72 жастағы Евгения Шелуткова алды. Әйел «Заречныйда» 30 жылдан астам уақыт тұрған және енді жаңа екі бөлмелі пәтерге көшеді.
«Алдын ала қандай су болатынын, не болатынын, қалай су басатынын уайымдап, жүйке жұқартасың. Әрине, бұл көктемді өте қатты күттік. Енді бұл бізге қатысты болмайды. Енді тыныш өмір сүреміз», — деді Петропавл тұрғыны Евгения Шелуткова.
Көшіп келушілер үшін екінші көпқабатты үй салынды. 90 пәтерлік бірінші үй өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Енді тағы 72 отбасы жаңа баспана алады. Ауданның тағы бір тұрғыны Уазипа Уваисова «Заречныйда» 2017 және 2024 жылдары қатты су тасқыны болғанын айтты. Оның айтуынша, әр көктем сайын тұрғындар су деңгейінің көтерілуін алаңдаушылықпен күткен. Шағынауданда барлығы 266 отбасы тұрады. Олардың оннан астамы көшіруден бас тартты.
Процесс кезең-кезеңімен өтуде, бұл ретте жақын арада билік тағы бір тұрғын үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев жеке үйлер мен барактарды көшірілгеннен кейін бұзатынын хабарлады. Үш қабатты үйлерді тағы бір-екі жылға қалдыру жоспарлануда.
«Әзірге бұл үйлерді біз өте мұқтаж адамдарға уақытша баспана ретінде ұсынамыз, олар қаражат жинай алады. Бірақ жалпы поселкені біртіндеп босатамыз», — деді Мұхамедиев.
«Заречный» шағынауданы Петропавлдың шетінде Есіл өзенінің бойында орналасқан.
Тұрғын және әлеуметтік объектілерден басқа, онда түзеу мекемесі бар. Болашақта колонияны да басқа жерге көшіру жоспарлануда.


