Абай облысында патрульдік полиция қансыраған баланы ауруханаға жеткізді

Абай облысында патрульдік полиция қансыраған баланы ауруханаға жеткізді. Семей — Өскемен тасжолында анасы патрульдік полицияға жүгінген. Оның бес жасар ұлы аяғындағы терең жарақаттан қансырап жатқан. Полицейлердің жедел әрекеті баланың өмірін сақтап қалуға көмектесті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Анасының айтуынша, Жанасемей ауданының Гранитный ауылында тұратын бес жасар ұлы аулада ойнап жүріп, кіреберіс есікке шығуға тырысқан. Сол сәтте есіктегі шыны сынып, баланың аяғын қатты жарақаттаған. Патрульдік полиция қызметкерлері Еламан Масалимов пен Медет Смағұлов анасы мен баланы өз көліктеріне отырғызып, ауруханаға асыққан. Баланың қаны тоқтамағандықтан, жағдай қиындаған. Патрульдік полиция қызметкерлері арнайы дабылдарды қосып, зардап шеккен баланы 12 минут ішінде ауруханаға жеткізген.

Медициналық мекеменің қабылдау бөлімінде дәрігерлер баланы қолына ұстаған полицейді қарсы алды. Баланы бірден ота жасауға алып кетті.

«Баламның аяғынан қан тоқтамай жатты, мен қатты қорықтым. Не істерімді білмей, жолда полицейлерді көріп, олардан көмек сұрадым. Олар бізді бірден өз көліктеріне отырғызып, небәрі 12 минут ішінде ауруханаға жеткізді. Сол сәтте бұл мен үшін үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын», — деді зардап шеккен баланың анасы.

Ұқсас ақпараттар