YouTube видеохостингінің өкілдері монетизацияға қосылу үшін қаралым санына қойылатын талаптарды екі есе арттырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта бұл опция 1 мың жазылушысы бар және бір жыл ішінде қарапайым видеоларды 4 мың сағаттан кем емес қараған немесе 90 күн ішінде қысқа видеоларды 10 млн рет қарағандарға қолжетімді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
“Бағдарламаға қатысуға өтінім берген жаңа авторларға соңғы 365 күнде 8 мың сағат қаралым немесе соңғы 90 күнде қысқа видеоларды 20 млн рет қарау қажет болады”, — делінген видеохостинг хабарламасында.
Жаңа қағидалар 1 ақпаннан бастап күшіне енеді және тек жаңа қатысушыларға қатысты. Егер арна Әріптестік бағдарламасына қосылған болса, онда монетизация сақталады. YouTube өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл қадам платформадағы жалпы қаралым уақытының өсуіне байланысты.
Сарапшылар мұны жылдам ақша табу үшін жаңа арналарда жасалатын шаблонды жасанды интеллект контентінің санымен күресу қажеттілігімен де байланыстырады.


