Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақын әрі ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасының қазақ және әлем мәдениеті тарихындағы ерекше рөлін атап өтті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz aqorda-ға сілтеме жасап.
«Құрметті отандастар! Сіздерді Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік және қазақ мәдениетінің қазынасында ерекше орын алады. Оның ілімі – халқымыз үшін адамгершілік компас және өмірлік жолбасшы. Ол қоғам мәселелерін боямасыз айтып, босбелбеулік пен жалқаулықтан сақтандырды. Абайға «Толық адам» идеясы тиесілі – мазмұны жағынан өте терең және барлық уақытта өзекті болып қалатын «Тұтас адам тұлғасы» концепті, басқаша айтқанда, өзін-өзі жетілдіру және рухани өсу жолы», – деп жазды Тоқаев өз үндеуінде.
Президент биыл Абай күнін мемлекет пен қоғамның ауқымды трансформациясы аясында атап өтіп жатқанымызды атап өтті. Қазақстанның Халықтық Конституциясы күшіне еніп, барлық билік институттарын жаңарту процесі басталды. Бұл – алдағы көптеген жылдарға дамудың іргетасын қалайтын кезең. Осы айда тарихымыздағы алғашқы Құрылтайға сайлау өтеді. Бірпалаталы Парламент реформаларымызға жаңа сапа береді.
«Өзгерістердің мәні Қазақстанның прогресіне қуатты серпін беру, қоғамдағы жасампаз құндылықтарды нығайту. Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік идеалдарды насихаттау мәселелерінде біз үнемі Абай шығармашылығына жүгінеміз. Ұлы ақын әрі философ халықтың болашағын білімге, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке ұмтылудан көрді, бірлік пен келісімге шақырды. «Қара сөздер» – қазіргі Қазақстанның бүкіл құндылықтар жүйесін нәрлендіретін сарқылмас тұма. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және Тәртіп» концептуалды идеялары Абай армандаған үйлесімді қоғамның негізін құрайды. Енді біз Әділетті, Қуатты, Өркендеген Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлы ойшылдың мұрасы шынайы патриотизмді және Отанымызға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге әрі қарай да қызмет ететініне сенімдімін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тілеймін! Мереке құтты болсын! Абай күні құтты болсын!», – деді Тоқаев.


