Қазақстан азаматтығына үміткерлер 22 тамызда тест тапсыра алады

Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлер 10-20 тамыз аралығында арнайы тест тапсыруға өтініш бере алады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Өтініш ведомствоның ресми сайты немесе UTO қосымшасы арқылы қабылданады. Тестілеудің өзі 22 тамызда өтеді. Емтихан үш блоктан тұрады:

қазақ тілі – 30 тапсырма, өту балы – 15;

Қазақстан Конституциясының негіздері – 40 тапсырма, өту балы – 20;

Қазақстан тарихы – 30 тапсырма, өту балы – 15.

Қазақстан Конституциясы мен тарихы бойынша тесттерді қазақ немесе орыс тілдерінде тапсыруға болады. Ең көп 100 балл жинауға болады. Сәтті өту үшін кемінде 50 балл алу қажет. Тапсырмаларды орындауға 2 сағат 10 минут беріледі. Мүгедектігі бар адамдар үшін қосымша 30 минут қарастырылған. Қатысу құны 14 693 теңгені құрайды. Тестілеу туралы толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында «Азаматтыққа үміткерлерге» бөлімінде орналастырылған.

Дайындық үшін ақылы сынама тестілеу де қолжетімді. Оның құны 3 355 теңгені құрайды, оны app.testcenter.kz сайтында «Сынама тестілеу» бөлімінде өтуге болады.

Ұқсас ақпараттар