Қазақстан ЖОО-лары 2000-нан астам ректорлық грант ұсынады

Республикалық бюджет және жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарынан басқа, Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге өздерінің білім беру гранттарын, оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар береді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2026 жылы қазақстандық жоғары оқу орындары ұсынатын ректорлық, университет ішіндегі және ішкі білім беру гранттарының жалпы саны екі мыңнан асады. Әрбір университет гранттардың санын, оларды беру тәртібін және іріктеу критерийлерін дербес айқындайды.

Өтінімдерді қарау кезінде Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижелері, академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» белгісінің болуы, олимпиадалардағы, ғылыми, шығармашылық және спорттық конкурстардағы жеңістер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік мәртебесі ескеріледі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ең ірі бағдарламалардың бірін іске асырады. 2026-2027 оқу жылына Түркия Республикасы 500 білім беру квотасын бөлді. Конкурсқа құжаттарды қабылдау 10-15 тамыз аралығында өтеді.

Қатысушылар мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балл жинаған Қазақстан азаматтары бола алады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT-бағыттар бойынша олимпиадалардың, талантты мектеп оқушылары арасындағы жобалар мен конкурстардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді.

Сонымен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың, сондай-ақ «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегі оқу ақысын толық өтейтін білім беру гранттарын алды. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өз конкурстық бағдарламалары аясында 94 грант қарастырды. EKTU QUIZ-2026 конкурсының қорытындысы бойынша Жетісу, Түркістан және Қызылорда облыстарының мектеп түлектеріне бір, екі және төрт жыл мерзімге гранттар беріледі. «Ақылды Awards 2026» конкурсы аясында «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер үшін 18 төртжылдық грант бөлінді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының мектеп түлектері үшін EKTU STAR 2026 және «EKTU таңда – болашақты таңда» конкурстарының қорытындысы бойынша төртжылдық гранттар қарастырылған.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 2026-2027 оқу жылына 19 ректорлық грант бөлді. Олар жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, ҰБТ-да 100-ден астам балл жинап, бірақ мемлекеттік білім беру грантын алмаған талапкерлерге, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарына және IQanat High School of Burabay ішкі олимпиадаларының жеңімпаздарына арналған.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті талантты талапкерлерді қолдау мақсатында 20 ректорлық білім беру грантын бөлді. Олар жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадалардың жеңімпаздарына, сондай-ақ «Зерделі» мектептерінің түлектеріне арналған. Бастама талантты жастарды қолдауға, сапалы жоғары білім алуға және кәсіби дамуға қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 12 жеке білім беру грантын, ал Рудный индустриалды университеті жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан талапкерлерге 10 ректорлық грант қарастырды. Қарағанды индустриалды университетінде студенттерге бірінші курстан кейін жоғары оқу орнының қаражаты есебінен оқуды жалғастыруға мүмкіндік беретін университеттің білім беру гранты жұмыс істейді. Грант жоғары академиялық нәтижелері бар және қоғамдық өмірге белсенді қатысатын білім алушыларға беріледі.

Сонымен қатар, 2026-2027 оқу жылында оқу ақысын толық төлеуді және ай сайын 150 мың теңге мөлшерінде стипендияны көздейтін Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы грант тағайындалды. Satbayev University әлеуметтік осал топтардан шыққан талантты жастардың жоғары техникалық білімге қолжетімділігін кеңейту мақсатында жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың білім беру гранттарын тартады. 2025-2026 оқу жылында жасалған шарттар мен келісімдердің арқасында 538-ден астам студент жер қойнауын пайдаланушы компаниялар есебінен оқуын жалғастырып, қаржылық қолдау алды.

Гранттарды беру кезінде Энергетика министрлігі бекіткен энергетика саласының басым мамандықтары тізбесіне кіретін білім беру бағдарламалары бойынша оқитын әлеуметтік осал топтардан шыққан студенттерге басымдық беріледі. Бұл санатқа жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ата-анасының мүгедектігі бар немесе мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған студенттер, сондай-ақ толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан білім алушылар жатады. Сонымен қатар, университет өздерінің білім беру гранттарын және оқу ақысына жеңілдіктер береді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҰБТ-да кемінде 100 балл жинаған талапкерлер университеттік грант ала алады. Іріктеу кезінде академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» белгісінің болуы, әлеуметтік жағдай, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалардағы, конкурстардағы және ғылыми жобалар жарыстарындағы жеңістер ескеріледі. «Тұран-Астана» университетінде ҰБТ-да 100-ден астам балл жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне оқудың барлық кезеңіне ректорлық грант беріледі. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ҰБТ-да 100-ден астам балл жинаған және мемлекеттік білім беру грантын алмаған «Алтын белгі» иегерлері үшін 100 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 2026-2027 оқу жылына ректорлық грант алушылардың саны университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша анықталады. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде гранттардың тіркелген саны белгіленбейді.

Жаратылыстану пәндері мұғалімдерін даярлау бойынша білім беру бағдарламаларына түскен «Алтын белгі» иегерлері GPA орташа балын 3,5-тен төмен түсірмеу шартымен оқудың барлық кезеңіне 100 пайыздық жеңілдік ала алады. Бірқатар жоғары оқу орындары гранттармен қатар оқу ақысына әртүрлі жеңілдіктер береді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде жетім балаларды, мүгедектігі бар студенттерді, университет қызметкерлерінің балаларын, бір отбасынан шыққан білім алушыларды және «Алтын белгі» иегерлерін қолдауды көздейтін «Қамқор», «Көмек», «Жәрдем» және «Зерек» бағдарламалары жұмыс істейді. Жеңілдіктер мөлшері 15-тен 100 пайызға дейін.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жеңілдіктер 14 санат бойынша беріледі. Қолдау жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан білім алушыларға, университет қызметкерлерінің балаларына, «Алтын белгі» иегерлеріне, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарына және басқа да санаттарға қарастырылған. Жеңілдіктер мөлшері 20-дан 100 пайызға дейін өзгереді. Гранттардың саны, қатысу шарттары, құжаттарды қабылдау мерзімдері және үміткерлерге қойылатын талаптарды әрбір университет дербес айқындайтындықтан, талапкерлерге таңдаған жоғары оқу орындарының ресми сайттарындағы қабылдау қағидаларымен алдын ала танысу немесе өзекті ақпарат алу үшін қабылдау комиссияларына хабарласу ұсынылады. ҚР-да 2026-2027 оқу жылында мемлекеттік гранттар кімдерге берілетіні белгілі болды.

Ұқсас ақпараттар