Қайтарылған активтерден Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарды сумен қамтамасыз етуге 2,7 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Арнайы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын қайта құруды аяқтауға 2,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі. Преснов топтық су құбырын қайта құру Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекенді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді, онда 34,5 мың адам тұрады.
«Бүгінде 171 км магистральды құбыр және тармақтау желілері, сондай-ақ 46 км елді мекен ішіндегі желілер тартылды. Суды жинақтау, бөлу және қажетті қысымды ұстап тұру үшін қажетті арынды-реттеуші құрылыстарды салу және жаңарту жұмыстары жалғасуда», — деп хабарлады министрлер кабинеті.
Соколов топтық су құбырын қайта құру Қызылжар ауданының 10 ауылын қамтиды, онда 4 мыңнан астам адам тұрады. Жоба 59 км тармақтау желілерін және 77 км елді мекен ішіндегі желілерді салуды көздейді. Екі су құбырын да пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланған.
«Нәтижесінде жүйенің сенімділігі артады, тасымалдау кезіндегі шығындар қысқарады және жобамен қамтылған елді мекендердің тұрғындарына ауыз су беру сапасы жақсарады», — деп атап өтті Үкіметте.


