Германияда Рейн өзеніндегі су деңгейі бақылау тарихындағы ең төменгі көрсеткішке жетті. Еуропадағы ұзаққа созылған ыстық ауа райы құрғақшылыққа алып келді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
ВВС орыс қызметінің хабарлауынша, Ұлыбританияда азық-түлік тапшылығы қаупі бар, ал Еуропаның басты өзен артерияларының бірі – Рейн өзеніндегі кеме қатынасы су деңгейінің төмендігіне байланысты қауіп астында. Ұлыбританияда шілде айында айлық жауын-шашын нормасының тек 7%-ы ғана түскен. Шілде айының соңында үкімет жеті аймақта ресми түрде құрғақшылық жариялады, тағы бірнеше аймақта ұзаққа созылған құрғақ ауа райы тіркелді.
Лондондағы Кью Корольдік ботаникалық бақтарындағы метеостанса 1871 жылдан бергі бақылау тарихында алғаш рет шілде айында жауын-шашын тіркемеді. Рединг маңында да 1858 жылдан бергі бақылау тарихында алғаш рет бүкіл ай бойы жаңбыр болмады. Ұлттық фермерлер кәсіподағы бұл жағдай кейбір өнімдердің тапшылығына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар, Германияның батысындағы Кёльн мен Нидерландымен шекарадағы Лобитте Рейн өзеніндегі су деңгейі бақылау тарихындағы ең төменгі көрсеткішке жетті. Мәселен, Каубтағы (Германияның батысы, Кобленц маңы) гидрометриялық станса 31 шілдеде су деңгейін 25 см деп тіркеді – бұл 2018 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Рейн – Еуропадағы ең қарқынды су жолдарының бірі, және өзеннің таяздануы аймақ экономикасы үшін елеулі салдарларға қауіп төндіреді. Су деңгейі неғұрлым төмен болса, ішкі кеме қатынасы үшін мүмкіндіктер соғұрлым аз болады, бұл өз кезегінде азық-түлік бағасының өсуіне және жеткізілімдегі іркілістерге әкелуі мүмкін.
Италияда По өзені де Кремона аймағында тарихи рекордтық төмен су деңгейіне жетті. Өзеннің сағасындағы таяздану тұзды теңіз суының өзенге енуіне алып келді, бұл экожүйеге зиян келтіріп, өзен суын суару үшін пайдаланатын фермерлер үшін мәселелер туғызды. Италия билігі өзен аңғары бойынша құрғақшылықтың жоғары қаупі туралы хабарлама шығарды, ал сарапшылар ауыз сумен қамтамасыз етуде ықтимал іркілістер туралы ескертті. Бұған дейін Дунай өзенінің таяздануы туралы да хабарланған болатын. Дунайдағы су деңгейі соңғы 30 жылдағы рекордтық төмен көрсеткішке жетіп, энергетикалық дағдарысқа алып келді. Венгрияда елдің электр энергиясының жартысын өндіретін АЭС тоқтатылды, Сербияда салқындату жүйелерінің жұмысы үшін су тапшылығына байланысты көмір электр стансаларындағы өндірісті қысқартуға тура келді, ал Румынияда Дунайдан суды «Чернаводэ» АЭС бағытына бұру үшін бақыланатын жарылыс жасалды.


