Өскеменде Денсаулық сақтау министрлігінің ЮНИСЕФ және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Салауатты өмір үшін салауатты бастама» республикалық семинар-кеңесі өтті. Іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Семинар жұмысына ДДҰ, ЮНИСЕФ өкілдері, өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, бас штаттан тыс мамандар, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындары мен денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысты. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев балалар денсаулығы демографиялық дамудың, әлеуметтік әл-ауқаттың және елдің болашақ адами капиталының негізі екенін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұрады, ал жыл сайын 330 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ана мен баланы қорғаудың заманауи жүйесі қалыптасты, ана мен нәресте өлімі көрсеткіштері төмендеді, ал медициналық көмектің халықаралық стандарттары белсенді түрде енгізілуде.
ДДҰ өкілдігі де Қазақстанның бұл саладағы жетістіктерін атап өтті. Ұйымның деректері бойынша, бес жасқа дейінгі балалар өлімі 1000 тірі туылғанға шаққанда 9,83-ке дейін төмендеді, бұл Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Пленарлық отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова қызметті одан әрі дамытудың басымдықтарын, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелерін және «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен «Бастау–2030» жоспары аясындағы міндеттерді таныстырды.
Қатысушылар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуды, аурулардың алдын алуды, даму кемістіктерін ерте анықтауды, балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайтуды, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуді талқылады. Денсаулық сақтау министрлігі, ЮНИСЕФ және Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының бірлескен жұмысының нәтижелері жеке ұсынылды.
Негізгі жетістіктер қатарында — патронаждың әмбебап прогрессивті моделін бағалау, даму және ерте араласу орталықтары үшін стандартты рәсімдерді әзірлеу, балалар дамуының ұлттық скрининг құралын жасау және балалар денсаулығының жағдайын бақылау үшін цифрлық технологияларды енгізу бар. Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар балалар денсаулығын нығайтуға және ерте араласу жүйесін жетілдіруге бағытталған әріптестікті дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.

