Өскеменде әскери бөлімнен кетіп қалған мерзімді қызметтегі сарбаз іздестіріліп жатыр. Гарнизонның әскери полиция бөлімі 27943 әскери бөлімінің аумағынан өз еркімен кетіп қалған мерзімді қызметтегі сарбазға іздеу жариялады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
2004 жылы туған қатардағы сарбаз А. Е. Мархан тәуліктік наряд құрамында кезекші болып, қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен. Әскери қызметшінің қасында қару болмаған. Сарбаз бөлім аумағынан әскери киіммен кеткенімен, азаматтық киімге ауысып кетуі мүмкін екендігі айтылады.
Іздестіру шараларын әскери полиция ішкі істер органдарымен бірлесіп жүргізуде. Іс ҚР ҚК Әскери полиция бас басқармасы басшылығының жеке бақылауында. Іздестіріліп жатқан сарбаздың белгілері: бойы шамамен 177 см, салмағы шамамен 80 кг, орташа дене бітімі. Қара көзді, шашы қысқа қара, бетінде меңдері бар.
Сарбаздың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпараты бар азаматтарды сенім телефондарына хабарлауды сұрайды (құпия): 8 (7232) 62 34 15, 8 (705) 508 39 39, 8 (775) 553 53 35.


