Иран әскері жұма күні Сирия, Оман, Катар, Бахрейн, Кувейт және Иордания аумақтарындағы америкалық әскери нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұл әрекет АҚШ-тың Иран аумағына жасаған шабуылдарына жауап ретінде жүзеге асырылғанын айтты. Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) мәліметінше, соққы нысаналарына радиолокациялық станциялар, тікұшақтар мен ұшақтардың орналасқан орындары, сондай-ақ басқару орталықтары, казармалар және логистикалық орталықтар кірген.
ИРСК Иран күштері Әль-Удейд авиабазасы (Катар) аумағында америкалық жанармай құю ұшақтары мен алыс қашықтықтан анықтайтын радарды жойғанын мәлімдеді. Иорданиядағы жойғыш ұшақтар мен жанармай таситын ұшақтарына соққы берілгені айтылды. Бахрейндегі Сахир базасында АҚШ Әуе күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары орналасқан орындарға да шабуыл жасалған.
ИРСК Кувейт аумағында HIMARS зымыран кешендерінің ұшыру қондырғыларын жойғанын хабарлады.


