Apple әлемдегі ең қымбат компания атағын Nvidia-дан қайта тартып алды. Бұған компанияның жасанды интеллект саласындағы жоспарына сенімнің артуы және iPhone телефондарына сұраныстың сақталуы әсер етті, деп хабарлайды sayasatlive.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Жұма күнгі сауда кезінде Nvidia акциялары шамамен 4 пайызға арзандады. Соның салдарынан компанияның нарықтық құны 4,8 трлн долларға дейін төмендеді. Ал Apple-дің нарықтық құны 4,9 трлн долларға жетіп, компания уақытша бірінші орынға шықты.
Кейін Nvidia акцияларының бағасы біршама қалпына келді. Соған қарамастан, бұл жағдай қаржы салушылардың жасанды интеллект саласындағы кез келген компанияны бұрынғыдай жоғары бағалай бермейтінін көрсетті. Нарық жасанды интеллект инфрақұрылымына салынған миллиардтаған доллардың қаншалықты пайда әкелетінін есептей бастады.
Nvidia акциялары 2023 жылдың басынан бері 1200 пайыздан астам өсті. Бұрын негізінен ойынға арналған бейне үдеткіштер шығарған компания кейін жасанды интеллект жүйелеріне қажетті негізгі құрылғыларды жеткізушіге айналды.
Қазір Nvidia өндірген чиптер OpenAI, Anthropic, Google және басқа да ірі технологиялық компаниялардың дерек орталықтарында қолданылады. Алайда бәсекелестіктің күшеюі мен жаңа шешімдердің пайда болуы компанияның алдағы табысына қатысты күмәнді арттырып отыр.
Apple ірі жасанды интеллект үлгілерін жасау жарысына тікелей қатысқан жоқ. Компания бұл технологияны өз құрылғылары мен қызметтеріне біртіндеп енгізуді таңдады. Соның ішінде Siri дауыстық көмекшісін жаңартуға басымдық берілді.
Apple-дің жаңа жасанды интеллект қызметтеріне деген үміттен кейін компания акциялары маусым айының соңынан бері шамамен 20 пайызға өсті. Компанияның негізгі артықшылығы — пайдаланушыларының көптігі, танымал бренді және жаңа технологияларды күнделікті қолданылатын өнімдерге айналдыра алуы.

