Түркия соты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты халықаралық іздеу жариялау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Мәліметке сәйкес, Ыстанбұл қаласының 11-қылмыстық соты «Сумуд» («Табандылық») жаһандық флотилиясының ұсталуына байланысты талап-арызды қараған. Нәтижесінде судьялар алқасы Нетаньяхуды Интерполдың Red Notice («қызыл хабарлама») жүйесі арқылы халықаралық іздеуге жариялау жөнінде қаулы қабылдаған.
Алайда Интерполдың «қызыл хабарламасы» автоматты түрде күшіне енбейді. Мұндай өтініш ұйымның ішкі рәсімдері бойынша қаралып, Интерполдың Бас хатшылығы оның ұйым ережелеріне сәйкестігін бағалайды. Сондықтан Түркия сотының шешімі жарияланғанымен, Интерполдың ресми түрде «қызыл хабарлама» шығарғаны әзірге расталған жоқ.
Израиль билігі бұл мәселеге қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас соңғы айларда Газа секторындағы соғысқа байланысты айтарлықтай шиеленісе түскен.
Еске салайық, бұған дейін Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты қамауға алу ордерін шығарған болатын. Ал Түркиядағы бұл сот шешімі басқа құқықтық рәсім аясында қабылданған.


