Трамп Нетаньяхудан Сирия мен Ливандағы әскерді кезең-кезеңімен шығаруды талап етті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесу кезінде Израиль әскерін Сирия мен Ливан аумағынан кезең-кезеңімен шығаруды талап етті. Бұл туралы Axios басылымы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, әңгіме Трамптың Сирия президенті Ахмад аш-Шараамен кездескенінің ертесіне өткен.
Трамп Нетаньяхуға:
«Олар сендердің ол жерде болғандарыңды қаламайды. Сондықтан күштеріңді басқа жерге көшірулерің керек… Бұл Ливанға да қатысты», – деген.
Қазіргі таңда Израиль әскері Сирияның оңтүстігіндегі бірқатар аумақтарда және Ливанның шекара маңында қауіпсіздік операцияларын жүргізіп келеді. Трамптың бұл мәлімдемесі Вашингтонның аймақтағы әскери шиеленісті азайтуға және жаңа Сирия билігімен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге ұмтылып жатқанын аңғартады.


