Алматыда әлемге әйгілі актер Джеки Чанның келуі және халықаралық кино жобаның түсірілімі қарсаңында қауіпсіздік мәселесіне арналған арнайы кеңес өтті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Кеңеске қоғамдық қауіпсіздік, жол қозғалысын ұйымдастыру, іс-шараларды сүйемелдеу және түсірілім ұйымдастырушыларымен өзара іс-қимылға жауапты полиция бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов мұндай деңгейдегі халықаралық кино жобаның Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, полицияның басты міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау және түсірілімнің кедергісіз өтуіне барлық қажетті жағдайды жасау.
Кеңес барысында түсірілім алаңдарының қауіпсіздігі, жоба қатысушыларын сүйемелдеу, жол қозғалысын ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдастырушылармен өзара байланыс, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кездегі әрекет ету алгоритмдері талқыланды.
Полиция барлық қажетті ұйымдастыру және алдын алу шаралары алдын ала қабылданғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта бөлімшелер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын штаттық режимде жалғастырып жатыр.


