Вьетнамның оңтүстігіндегі Фукуок аралының жағалауында қайғылы жағдай орын алды. Ішінде туристері бар серуендеу катері аударылып, салдарынан 15 адам көз жұмды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Жылдамдығы жоғары катер порттан шыққаннан кейін, жағадан 400 метрдей ұзағанда істен шығып, аударылып кеткен. Кеме Ан Тхой портына бет алған болатын.
Катерде барлығы 36 адам болған. Оның 32-сі — Үндістаннан келген туристер, қалған 4-еуі — экипаж мүшелері.
Апаттан 15 жолаушы (13 ер адам және 2 әйел) мерт болды. Көптеген адамдар суға батқан катердің ішінде қысылып қалып, сыртқа шыға алмай қалған.
Судан 21 адам аман шығарылды. Қазіргі уақытта олардың кем дегенде 18-і ауруханада өте ауыр жағдайда жатыр.

