Итбалықтар неге қырылды? Мамандар жауап берді

Мамандар Каспий жағалауындағы итбалықтардың қырылу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

«Алдын ала зерттеулерге сәйкес, бұл ең алдымен асфиксияға байланысты. Итбалықтар жер сілкінісі, газдың шығуы және тұншығу салдарынан қырылып жатыр. Жұқпалы аурулар анықталған жоқ» деді ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Оның сөзінше, итбалықтар өзге елде өлген де болуы мүмкін, ал теңіз оларды Каспий жағалауына шығарып тастағанға ұқсайды.

«Бұл біздің аумағымызда емес, бүкіл Каспий теңізінде болып жатыр. Бұл Әзербайжан немесе Иран жағында да болуы мүмкін. Батыстан дауыл соққан кезде өлекселер Каспий теңізінің жағалауына, Ақтауға қарай шығып қалады. Біз өлекселерді жинау үшін жергілікті билік органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп іс-қимыл жоспарын жасадық» деді Сермағамбетов.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының сөзінше, Каспий итбалықтарын қорғау үшін «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған. Қазір Ақтауда жұмысын бастады. Оның айтуынша, 2025 жылы қыста комитет итбалық жүретін жолда кеме қатынасын шектеп, балық аулау аумақтарына түзету енгізген.

Кейінгі бір ғасырда Каспий итбалығының саны 90 пайызға азайған. 2008 жылы Табиғатты қорғау халықаралық одағы (IUCN) итбалықтың бұл түрін жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына қосқан. Ал 2020 жылы Каспий итбалығы Ресей мен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді.

Ұқсас ақпараттар