Жаңа қағидалар 13 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Құжатқа сәйкес, азаматтар мен ұйымдарға Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, сондай-ақ балкондарға ілуге ресми түрде рұқсат беріледі. Балконға орнатылған ту 45 градус бұрышпен бекітілуі тиіс.
Жаңа талаптарға сәйкес, жеке тұрғын үйлерде ту кемінде үш метр биіктікте орнатылады. Түнгі уақытта оны жарықтандыру міндеттелмейді. Сондай-ақ ту жерге, еденге, суға немесе басқа беттерге тимеуі керек. Тік ілінген кезде ұлттық өрнек жоғарғы жағында орналасуы тиіс. Мемлекеттік ту таза, бүтін әрі өңі кетпеген болуы қажет.
Қағидалар көлік құралдарының салонында Мемлекеттік туды орналастыруға да рұқсат береді. Ал ғимараттың қасбетіне ілу мүмкін болмаса, оның жанына жеке ту тұғыры орнатуға болады.
Сонымен қатар Мемлекеттік туды мәдени, спорттық және өзге де іс-шараларда коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынады. Рәмізді киім, төсек-жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және осыған ұқсас бұйымдар ретінде қолдануға болмайды. Бұған қоса, енді Мемлекеттік тудың бейнесін спорттық киім мен экипировкаға орналастыруға ресми түрде рұқсат етілді.


