«Ауыл» партиясы бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Еліміздегі 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылықты қолдау, алдағы үш жылда өңірлік инфрақұрылымға кемінде 9 трлн теңге бөлу, ауылға жас мамандарды қайтару және әлеуметтік саясатты қайта қарау – «Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI съезінде ұсынылған негізгі бастамалар осындай болды.
Астанада өткен жиында партия 69 кандидаттан тұратын тізімді бекітіп, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған сайлауалды бағдарламасын жариялады.
Астана күні қарсаңында өткен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезінде делегаттар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар бастаманы ортаға салды.
Жиынның күн тәртібіне төрт мәселе шығарылды: сайлауалды бағдарламаны қабылдау, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін бекіту, саяси кеңес құрамын жаңарту және партия құрылымындағы ұйымдастырушылық өзгерістер.
Съезге еліміздің 20 өңірінен сайланған 150 делегаттың 141-і қатысты. Олардың ішінде Мәжіліс депутаттары, мәслихат мүшелері, ауыл шаруашылығы мамандары, жастар мен партия ардагерлері болды. Делегаттардың орташа жасы – 46 жас. Қатысушылардың 37-сі әйелдер болса, 38-і – жастар.


