Тоқаев әскери білім беру жүйесін дамытуға басымдық берілетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби деңгейі жоғары әскери мамандарды даярлау Қазақстан үшін негізгі міндеттердің бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Президенттің айтуынша, патриотизм – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын нақты іспен қолдау, елдің дамуына үлес қосу және туған жердің тағдырына жауапкершілікпен қарау.

– Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді жүйелі түрде жаңғыртып келеміз. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және даярлықтың озық стандарттары белсенді енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз әрдайым жоғары деңгейде болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, әрбір мүмкіндік мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтіп, қуатын арттыруға бағытталуы тиіс.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әскери қызметші жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға болуы керектігін атап өтті.

Ұқсас ақпараттар