Қазір жиі кездесетін тәсілдің бірі алаяқтардың «шұғыл қоңырау шалуым керек еді» деген сылтаумен көшедегі адамның ұялы телефонын сұрап алуы, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Осы сәтте алаяқтар банк қосымшалары арқылы ақша аударып үлгеруі немесе құрылғыны қашықтан басқаруға арналған бағдарламаларды байқатпай орнатып жіберуі мүмкін.
Тағы бір кең тараған алаяқтық түрі – көшеде «тегін фото немесе видео түсіріп беремін» деген ұсыныстар.
Алаяқтар өздерін кәсібін жаңадан бастаған фотограф немесе мобилограф ретінде таныстырып, «портфолио жинап жүрмін» деген сылтаумен қызметін тегін ұсынған болады, алайда олар осы желеумен азаматтардың биометриялық деректерін жинайды.
Қолға түскен фото-видеоматериалдарды кейін жасанды интеллект көмегімен дипфейк жасау үшін қолдануы мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай материалдар түрлі алаяқтық схемаларда, соның ішінде жақындардан ақша аударуды сұрайтын жалған хабарламаларды тарату үшін де пайдаланылады.


