Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға босқындардың жаппай келуінен қауіптенуге негіз жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұл мәселе шетелдік БАҚ-та Еуроодақ елдері депортацияланған мигранттарға арналған лагерьлерді Қазақстан мен Өзбекстан аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін қызу талқылана бастады. Кейін бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды.
Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев бүгінде көптеген мемлекет көші-қон саясатын күшейтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан да елге заңсыз кіру жағдайларын азайту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Министр мемлекет заңсыз көші-қонмен күрес бойынша қажетті шараларды қабылдап жатқанын және елде заңсыз мигранттар санының бақылаусыз өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.


