АҚШ пен Иран бейбіт келісімнің соңғы нұсқасын келісуде. Бұл туралы Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
«Бейбітшілік дәл қазіргідей жақын болған емес» деп жазды Шахбаз Шариф Х әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін кейбір ирандық БАҚ екі ел арасындағы болашақ «өзара түсіністік туралы меморандумның» негізгі тармақтарын жариялаған болатын.
Кейін Дональд Трамп бұл ақпараттарды шындыққа жанаспайды деп, жазбаша келісілген шарттарға еш қатысы жоқ жалған мәлімет екенін мәлімдеді.
«Біз өте адал емес адамдармен жұмыс істеп отырмыз. Олармен адал түрде келісім жасау мүмкін емес. Бұған қоса, олардың кеше түнде Ормуз бұғазынан шығып бара жатқан үнді кемелеріне жасаған дрон шабуылы толық тойтарылғанымен, мүлде қабылдауға болмайтын әрекет. Олар тез арада өздерін қолға алғаны дұрыс!» деп жазды ол.
Иранның сыртқы істер министрі БАҚ өкілдерін Исламабадтағы «өзара түсіністік туралы меморандумның» мазмұнына қатысты алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды.


